Астанада нейрохирургияға арналған ауқымды халықаралық форум өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада халықаралық нейрохирургиялық форум мен «Нейрохирургия: тарихы, заманауилығы, тұлғалар» атты кинофестиваль басталды.
Үш күнге жалғасатын форум нейрохирургия саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу үшін мамандарды бір арнаға біріктірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық деңгейдегі нейрохирургия бойынша деректі фильмдердің кинофестивалі республикада алғаш рет өткізіліп отыр. Үш күн бойы форум қатысушыларына елімізбен қоса, Ресей, Украина, АҚШ, Өзбекстан мен Израильде түсірілген нейрохирургия бағытындағы кинофильмдер көрсетіледі.
Үш күн бойы форум бағдарламасында әлемдегі үздік нейрохирургтардың баяндамалары ұсынылады. Одан басқа, нейрохирургиядағы тұлғалар, нейрохирургиялық қызметтің тарихы мен дамуы, хирургияның дүние жүзіндегі заманауи жетістіктері туралы көрсетіледі. Бұл нейрохирургияны медицинаның саласы ретінде де, өнердің жеке түрі ретінде де тануға жол ашады деп ойлаймын, - деді белгілі нейрохирург Серік Ақшолақов.
Сондай-ақ форумға Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Ресей, Жапония, Италия мен Швейцариядан да ғалымдар қатысып отыр.
Бүгінде елімізде нейрохирургиялық көмек барлық өңірде 50-ден астам мамандандырылған нейрохирургиялық орталықтар мен бөлімшелерде көрсетіліп келеді. Жыл сайын сәтті жасалған нейрохирургиялық операциялардың да саны арта түсті. Республиканың денсаулық сақтау саласын дамытып, оны ілгерілетуге жол ашатын жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуде ел бойынша үздік технологиялар енгізіліп отыр, - деді форумның ашылуында сөз алған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.