Астанада NEET санатындағы жастар арасында волейболдан турнир өтті
Елордада «NS Жас Жігер» жобасы аясында волейболдан турнирдің финалы өтті. Турнирге NEET өкілдері, яғни оқып жүрмеген және тұрақты табысы жоқ жастар қатысты, деп хабарлады BAQ.KZ.
«NS Жас Жігер» жобасының мақсаты — жастарды әлеуметтендіру және дамыту. Бүгінгі турнир NEET санатындағы адамдарды — әртүрлі жағдайларға байланысты оқып жүрмеген және тұрақты табысы жоқ жастарды қолдау үшін ұйымдастырылды.
Мен бұл турнирге қатысқаныма өте қуаныштымын. Егер мамандық болмаса, қоғамда табысты қызметке орналасу қиын екені анық. Бірақ бүгін мен өзімді үлкен және қызықты дүниенің бір бөлігі ретінде сезіндім, осы үшін турнир ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, — деді қатысушылардың бірі Николай Назаренко.
Турнир қорытындысы бойынша 40 адам ақшалай сыйлықпен және сертификатпен марапатталды. Марапатты тапсырған жұлдызды қонақтардың арасында қазақ Гиннестің рекордтар кітабына енген және төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульников, қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері Темір Спатаев және Street Workout Kazakhstan негізін қалаушы Айтым Жақыпов болды.
Айта кетейік, «NS Жас Жігер» жобасы аясында биыл жыл соңына дейін NEET санатында жастар арасындағы футбол турнирі және өмірлік қиын жағдайдағы жасөспірімдерге арналған мамандандырылған мектептерде әлеуметтанушылар мен психологтардың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жоспарланған.