Астанада Наурыз кең көлемде тойланады: Қайда баруға болады?
Елордалықтарды биыл да салтанатты мереке күтіп тұр.
Астана қаласы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын биыл ерекше ауқымда қарсы алуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
21–22 наурыз күндері елорда нағыз мерекелік атмосфераға бөленіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған сан алуан іс-шаралар ұсынылады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, негізгі халықтық серуендер бірнеше ірі алаңда өтеді. Атап айтқанда, әкімдік алдындағы қалалық алаң, «Қазақ елі» монументі маңы, «Астана Арена» стадионының аумағы, «Ататүрік» саябағы, Astana Music Hall маңы және EXPO кешені мерекенің басты орталықтарына айналады.
Сонымен қатар қаланың алты ауданындағы тұрғын алаптарда да арнайы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, әр жастағы тұрғындарға арналған интерактивті іс-шаралар өткізіледі.
Ұлттық тағам, ойындар және шеберлік сабақтары
Мерекелік алаңдарда ұлттық тағамдар ұсынылатын фуд-корттар, қолөнер жәрмеңкелері жұмыс істейді. Қонақтар қазақтың дәстүрлі салт-дәстүрлерімен танысып, түрлі шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Белсенді демалысты қалайтындар үшін ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Олардың қатарында қазақша күрес, садақ ату, асық ату, қол күресі және гир спорты бар. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар қарастырылған.
Цифрлық Наурыз: роботтар мен жасанды интеллект
Биылғы Наурыздың ерекшелігі – инновациялық технологиялардың кеңінен қолданылуы. Көптеген алаңдарда роботтар, VR-аймақтар және жасанды интеллект элементтері ұсынылып, келушілерге жаңа форматтағы тәжірибе сыйлайды.
EXPO – басты мерекелік орталық
Есіл ауданында орналасқан EXPO аумағы 20–22 наурыз аралығында негізгі мерекелік кеңістікке айналады. Мұнда таңғы сағат 10:00-ден бастап түрлі алаңдар жұмыс істейді.
Кешен аумағында алты тақырыптық киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысы ерекше мазмұнмен толтырылады:
- бірінде жасанды интеллект аватары орнатылады;
- екі киіз үйде виртуалды шындық (VR) ұсынылады;
- «Заң және тәртіп» тақырыбындағы аймақта робот-ит пен дрон көрсетіледі;
- ерекше қажеттілігі бар жандардың өнімдері қойылған әлеуметтік жәрмеңке ұйымдастырылады;
- қолөнершілер жәрмеңкесінде ұлттық бұйымдар таныстырылады.
Сағат 13:00-ден бастап басты сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.
Сонымен қатар «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі, LED-туннель, «Жеті қазына» экспозициясы, қызғалдақтар көрмесі және кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Балалар үшін арнайы шығармашылық аймақтар қарастырылған.
«Астана Арена» және басқа локациялар
Нұра ауданында «Астана Арена» маңы «Digital Nauryz» форматындағы мерекелік алаңға айналады. Мұнда келушілер жасанды интеллект арқылы ұлттық киімдерді виртуалды түрде киіп көріп, ерекше фотосуреттер жасай алады.
Сондай-ақ Үркер, Жағалау және басқа да тұрғын алаптарда концерттер, жәрмеңкелер мен ұлттық ойындар өтеді.
«Қазақ елі» алаңындағы ерекше шоу
Сарайшык ауданындағы «Қазақ елі» алаңында ерекше атмосфера қалыптасады. Мұнда түйелер керуені, этно-ансамбльдер, сән көрсетілімдері ұйымдастырылады.
21 наурыз күні кешкі уақытта дрондардың қатысуымен жарық шоуы өтеді. Ал 22 наурызда ұлттық ойын – қошқар көтеру жарысына тіркелу басталады.
«Ататүрік» саябағы мен өзге аудандар
Байқоңыр ауданындағы «Ататүрік» саябағында «Digital Наурыз» аймағы жұмыс істейді. Мұнда келушілер QR-код арқылы өздерінің цифрлық портретін жүктей алады. Сонымен қатар, дәстүрлі «Наурыз тойы» салттық рәсімі көрсетіледі.
Алматы ауданында Astana Music Hall, «Жерұйық» саябағы және басқа да орындарда концерттер мен интерактивті бағдарламалар өтеді.
Сарыарқа ауданында қалалық алаңда ірі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, робототехника, VR-аймақтар және ұлттық спорт жарыстары ұсынылады.