Бүгiн 2026, 18:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Астанада мыңға жуық киберқылмыс тіркелді: Маман қалай қорғану керек екенін айтты

Елордада мыңға жуық киберқылмыс тіркелді. Телефон алаяқтары, deepfake, «қауіпсіз шот» — сарапшы ең қауіпті схемалар мен қорғану жолдарын түсіндірді.

Елордада интернет алаяқтық деректері азаймай отыр. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі Астана қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбекпен сұқбаттасты.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Қазіргі таңда интернет алаяқтықтың қандай түрлері жиі кездеседі?

– Бүгінде ең жиі кездесетін түрі – телефон алаяқтығы. Алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі, байланыс операторы немесе мемлекеттік ұйым қызметкері ретінде таныстырады. Негізгі мақсаты – азаматтардың SMS-кодтарын алу немесе оларды «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға көндіру. Осы арқылы олар банк шоттарына заңсыз қол жеткізеді

- Қазір ең қауіпті схемалар қандай?

– Біріншіден, жалған инвестициялық жобалар. Алаяқтар криптовалюта, ірі компаниялардың акциялары немесе «мемлекеттік бағдарлама» арқылы тез табыс табуды ұсынады. Әлеуметтік желілерде жарнама таратып, тіпті deepfake технологиясын пайдаланып, танымал тұлғалардың бейнесін қолданады.

Алғашында аз сома салдыртып, үстіне «табыс» қосып қайтарады. Осылайша сенім қалыптастырып, кейін ірі қаражат салдыруға итермелейді. Ақшаны қайтармақ болғанда, «салық төлеу керек» деген сылтаумен тағы да қаражат талап етеді.

Екіншіден, онлайн-дүкендердегі алаяқтық. Алаяқтар тауарды нарықтан әлдеқайда арзан бағада ұсынып, алдын ала төлем сұрайды. Ақша аударылған соң, байланысқа шықпайды.

Үшіншіден, мессенджерлер арқылы алдау. Мысалы, WhatsApp-та таныстарыңыздың атынан ақша сұрайды. Кейін белгілі болғандай, аккаунт алаяқтардың қолына өткен болады. Сондай-ақ фишингтік сілтемелер арқылы жеке деректерді жинау фактілері де жиі кездеседі.

– Қылмыстық топтар бұл схемаларды қалай жүзеге асырады?

– Қылмыстық топтардың басым бөлігі шетелде отырып әрекет етеді. Олар ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін «дроп» деп аталатын адамдарды пайдаланады. Яғни, өз банктік шоттарын алаяқтарға пайдалануға берген тұлғалар арқылы ақша бірнеше шотқа бөлініп аударылады.

Кейін бұл қаражат криптовалютаға айналдырылып, арнайы «суық әмияндарға» жіберіледі. Мұндай әмияндарды анықтау қиын, себебі олар көбіне шетелдік криптобиржалар арқылы жүргізіледі. Ал оларға сұрау жолдау және өзара іс-қимыл жасау белгілі бір уақытты алады.

– Мұндай жағдайда ақшаны қайтару мүмкін бе?

– Өкінішке қарай, барлық жағдайда бірдей қайтару мүмкін емес. Себебі азаматтар «қауіпсіз шот» деп сеніп, ақшаны қарапайым жеке тұлғалардың картасына аударады. Тергеу барысында ол шоттардың дроптарға тиесілі екені анықталады.

Дегенмен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес, қаражатты дроптардан азаматтық сот арқылы өндіріп алу мүмкіндігі бар.

– Астанада интернет алаяқтық бойынша жағдай қандай?

– Елорда аумағында 2026 жылдың басынан бері интернет алаяқтық фактілері бойынша мыңға жуық қылмыстық іс тіркелді. Бұл көрсеткіш мәселенің өзектілігін айқын көрсетеді.

– Азаматтар алаяқтықтан қалай қорғана аламыз?

– Ең бастысы – қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. SMS-кодтарды ешкімге беруге болмайды. «Қауіпсіз шот» деген ұғымға сенбеңіздер – банктер мұндай тәсілді қолданбайды. Егер белгісіз адам хабарласып, қандай да бір қосымшаны жүктеуді сұраса, бірден бас тарту керек. Себебі ол арқылы алаяқтар сіздің телефоныңызды қашықтан басқаруы мүмкін. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда, бірден байланысты үзіп, банктің ресми нөміріне хабарласу қажет.

Сондай-ақ, интернет арқылы сауда жасағанда алдын ала төлем жасамауға кеңес береміз. Тауарды көріп, қолыңызға алғаннан кейін ғана ақша аударыңыз.

– Сұқбатыңызға рақмет!