Астанада "Музейлер түнінде" қандай іс-шаралар ұйымдастырылады

18 мамыр күні сағат 18:00-де Астанадағы Ұлттық музейде Халықаралық музейлер күніне арналған "Музейлер түні" акциясы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ICOM Халықаралық музейлер кеңесінің тұжырымдамасына сәйкес, биылғы жылғы акцияның тақырыбы – "Музейлер, тұрақтылық пен әл-ауқат". Осыған байланысты Ұлттық музей ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін "Музей-уақыт ағымында" атты ауқымды тарихи-танымдық жобасын ұсынып отыр.

Күндізгі 10:00-18:00 аралығында Ғылыми кітапханада "Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы" симпозиумы өтсе, музей залдарында "Балдырған гид" жобасы аясындағы шолу экскурсиялар, "Жәдігерлер сөйлейді" квест-сабағы ұйымдастырылады.

Кешкі 18:00-ден бастап Ұлттық музей басылымдары мен "Алматы-кітап" баспасының кітап көрмесі, "Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде" авторлық қуыршақтар көрмесі, "Көненің көзін ашу" атты ҚР Ұлттық музейі Консервация және қалпына келтіру қызметінің көрмесі мен шеберлік сабақтары, қолөнер жәрмеңкесі, ғылыми дәрістер, театрландырылған экскурсиялар мен ойын-квесттер басталады. "Жұлдызды гид" жобасында елге танымал тарихшылар Радик Темірғалиев, Жақсылық Сәбитов, Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, медиаменеджер Арманжан Байтасов, блогер Диас Камериданов пен "Pygmalion" галереясының негізін қалаушы Данагүл Төлепбай музей залдарында экскурсия жүргізеді.

Мерекелік кеште үрмелі аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, би ұжымдары, диджейлер өнерлерін паш етіп, соңында отты шоу көрсетіледі.

"Музейлер түні"– еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға, көпшілік асыға күтетін дәстүрлі шаралардың бірі. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – еліміздің ең басты әлеуметтік-мәдени мекемесі ретінде музейге деген көпшіліктің қызығушылығын ояту, тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламалар арқылы музейдің беделін арттыру. Ол жастардың шығармашылығын дамытуға, мәдени орта құруға үлкен септігін тигізеді. Елордамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін аталмыш шара музей әлемімен танысуға, музей коллекциялары мен экспозициясын көруге, мәдени бағдарламаларға қатысуға және көңілді демалып қайтуға зор мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы