Кеше 2026, 23:55 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Моңғолия Ұлттық академиялық өнер театрының концерті өтті

Концерт Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының сахнасында көрсетілді.

Астанада Моңғолия Ұлттық академиялық үлкен өнер театрының «Моңғолияның әсем отаны» атты концерті ұйымдастырылды. Іс-шара Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Концерт Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының сахнасында көрсетілді. Шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрі Алдаржавхлан Жуковын қатысты.

Аида Балаева екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтіп, архив ісі, әдебиет және креативті индустриялар бағытындағы ынтымақтастықтың маңызын айтты. Оның айтуынша, «Архив – 2025» жобасы аясында Моңғолиядан Қазақстанға тарихи фотоқұжаттар мен кино материалдар жеткізіліп, ортақ тарихты зерттеуге мүмкіндік туған.

Өз кезегінде моңғол министрі мәдени әріптестіктің кеңейіп келе жатқанын атап өтіп, концерт бағдарламасына енген дәстүрлі өнер түрлері – морин хуур мен көмей әні ЮНЕСКО тізіміне енгенін еске салды.

Кеш барысында моңғол халқының ұлттық өнері, дәстүрі мен көшпелі мәдениетіне арналған көрме де ұйымдастырылды. Сонымен қатар Шыңғыс хан, Жошы хан және Сүбедей бейнеленген көркем экспозиция ұсынылды.

Іс-шара соңында әртістерге Қазақстан мен Моңғолия президенттерінің атынан гүл шоқтары табысталды.