Астанада "мемлекеттік бағдарлама" атын жамылған алаяқтар сотталды
Астанада мемлекеттік бағдарлама атын жамылып, ірі көлемде алаяқтық жасаған екі азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олар бірнеше жыл бойы кеңсе жалдап, жұмыс істеп тұрған ЖШС-лардың деректемелерін пайдаланып, азаматтарға Астана мен Алматы қалаларынан жоғары санатты тұрғын үйді жеңілдетілген шарттармен алуға уәде берген.
Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама арқылы несие мен қарыз рәсімдеуге көмектесеміз деп жалған келісімшарттар жасап келген.
Нәтижесінде 150 жәбірленушіге жалпы көлемі 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.
Азаматтар белгілі бір қызметтерді көрсету құқығын растайтын құжаттары жоқ адамдармен несиелеу және тұрғын үй алу саласында мәмілелер жасаудан бас тарту керек,-деді Астана қаласының прокуратурасы.
Сот кінәлілердің кәмелет жасқа толмаған балаларының болуын және келтірілген шығынды жартылай өтегенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Соған сәйкес, әрқайсысына 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, оларды 5 жылға материалдық жауапты және басшылық қызметтер атқару құқығынан айырды. Келтірілген залал сот тәртібімен өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.