Астанада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру енгізіліп жатыр
Астана қаласындағы мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында ваучерлік қаржыландыру жобасы енгізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Жүйеде ең алдымен, бүкіл қаржыландыру процесінің ашықтығы көзделген, мұнда "ақша мекемеге емес, балаға жұмсалады" қағидасы жүзеге асырылады. Қаражатты есептеу және аудару ата-аналар баланың қатысу табеліндегі мәліметтерді растағаннан кейін ғана жүргізіледі.
2024 жылдың 17 желтоқсанынан бастап "Астанадағы мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшу" тақырыбында қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесіп, түсіндірме жүргізіліп жатыр.
Белгіленген кестеге сәйкес, қазіргі уақытта қаланың бес ауданындағы жекеменшік және мемлекеттік балабақшалардың бірінші басшылары оқытылды. Жалпы қатысушылар саны 600 адамды құрайды. Кездесулерге "Қаржы орталығы" АҚ мен "Индиго" ақпараттық жүйесінің өкілдері қатысты, - делінген әкімдік ақпаратында.
Мектепке дейінгі ұйымдардың бірінші басшылары мен қызметкерлері оқытылған соң ата-аналарға да бұл жүйе түсіндіріледі.