Астанада мектеп тапшылығы қалай шешіледі? - әкім жауап берді
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек шаһардағы мектеп тапшылығын қалай шешетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанадағы білім беру жүйесі мектептер мен балабақшалардағы оқушы орындарының айтарлықтай тапшылығына тап болды, әсіресе жаңа құрылыс аудандарында. Мәселені шешу үшін биыл 7 мектеп пайдалануға берілді, тағы 5 мектептің құрылысы аяқталып келеді, - деді Қасымбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, 2024 жылы 25 мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде жекеменшік - 3, мемлекеттік - 7 және «Жайлы мектеп» жобасы бойынша - 15.
Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Осылайша, 2028 жылға дейін екі ауысымда 200 мыңға жуық оқушы орнына арналған 80-нен астам мектеп салуды жоспарлап отырмыз, - дейді қала әкімі.
Әкім инвесторлардың қаражатынан 16 жеке меншік балабақша салынып жатқанын және 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланғанын айтады.
Бірінші кезең аясында 2025 жылы жергілікті бюджет және мемлекеттік-жеке әріптестік қаражаты есебінен 10 балабақша салу жоспарлануда, - дейді ол.