Астанада мектеп оқушыларына арналған жәрмеңке өтті

Астанада «Kids EXPO. Балалар әлемі» атты мектеп тауарлары жәрмеңкесі өтіп жатыр. Іс-шара үш күнге созылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жәрмеңке 8 сағат жұмыс істейді. Келген қонақтар мектепке қажет керек-жарақтың бәрін сатып ала алады. Іс-шара тек сауда-саттықпен шектелмеген, алаңда келушілер үшін ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған. 

Оның ішінде азаматтар спорттық ойындарға, балалардың шығармашылық қойылымына және сән көрсетілімдеріне қатыса алады.

Астана қаласы «Есіл» ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлы іс-шараның маңызына тоқталды. Оның сөзінше, жәрмеңдегі тауарлар қолжетімді бағада сатылып жатыр.

Тамыз айынан бастап ата-аналар баласын жаңа оқу жылына дайындайды. Бүгінгі жәрмеңке олар үшін таптырмас мүмкіндік дер едім. Жәрмеңке өте ыңғайлы алаңда өтіп жатыр. Жалпы, тұтынушылар мен сатушыларға жайлы жағдай жасалған деп айтуға болады. Іс-шара 3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкеде 70-ке жуық әртүрлі бағытта кәсіпкерлер өз өнімін ұсынды. Мектепке баласын дайындаймын деген ата-ана әрбір көп жерді араламай , осы жерден керек-жарақтың бәрін сатып ала алады. Жылдан жылға кәсіпкерлердің қызғушылығы артып, сандары көбейіп келеді. Олардың ішінде отандық кәсіпкерлеріміздің белсенділігі жоғары. Былтыр жәрмеңкенің сауда айналымы 150 млн теңгеге жеткен еді. Онымен қоса, жоспарымызға сай бүгін қаламызда тұратын 40 оқушыға мектеп тауарларының толық жиынтығы бар мектеп рюкзактарын берілді, - деді Дәрменияр Қыдырбек-ұлы.

Есіл ауданының әкімінің айтуынша, қалада 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр.

Жобаның мақсаты - аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету. Бүгінгі таңда ауданымыздағы көптеген кәсіпкерлер мен компаниялар қол ұшын созып жатыр. Бізде көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі бар, сол тізім бойынша жұмыс жүргіземіз. Биыл Астана қаласының Есіл ауданында мыңға жуық отбасыға көмеке көрсетіледі. Меніңше, Астана қаласы бойынша 5 мыңнан аса отбасы мектепке қажетті керек-жарақпен қамтылады, -дейді аудан әкімі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы