Астанада медициналық анықтамалар QR-кодпен қорғалды
Астана, BAQ.KZ. Енді SmartAstana қосымшасы арқылы еңбекке жарамсыздық парағы ғана емес, 083у, 086у, 094, 095 медициналық анықтамалардың түпнұсқалығын тексеруге болады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда елорданың барлық емханаларында QR-кодтармен жабдықталған 083у, 086у, 094, 095 формадағы анықтамалар беріледі.
«Бұл – ең танымал анықтамалар. Шын мәнінде, уақытша еңбекке жарамсыздық парағын қоса алғанда, қолдан жасалған бес құжат Денсаулық сақтау саласындағы құжаттардың шамамен 100%-ын жабады. QR-кодтар бізге осы саладағы алаяқтық мәселесін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік берді. Бұрын интернетте жалған еңбекке жарамсыздық парағын жасайтын хабарландыруларды көптеп кездестіретін едік. Бұл жалған құжаттардың ұйымдасқан айналымы десе де болады. Қазір мұндай хабарландырулар іс жүзінде жоғалып кетті. Біз үшін бұл проблеманың цифрландыру арқылы шешілгені маңызды болды. Ол үшін сізге қажет барлық нәрсе – SmartAstana тегін қосымшасын орнату», – деді Малика Бектұрова.
«Біз бұл қызметті Астана үшін жасадық. Бірақ басқа өңірлердің тқрғындары оны қолдана алады. Кез келген басқа қалада тұрып, сіз SmartAstana қосымшасын аша аласыз, сондай-ақ QR-кодты сканерлеу және бұл анықтаманың түпнұсқа немесе жалған екенін тексере аласыз», – деп атап өтті Астана қаласы әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, 086у анықтамасы оқуға түскенде немесе жұмысқа орналасқанда медициналық тексеруден өткені туралы беріледі; 083у – көлік құралын басқаруға жіберілгені туралы медициналық анықтама; 094у - алкогольді шектен тыс пайдалану салдарынан ауырған кезде уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы; 095у – студенттің, колледж, кәсіптік-техникалық училище оқушыларының уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы, аурулар, карантин және мектепке, мектепке дейінгі балалар ұйымына келген баланың болмауының өзге де себептері болған жағдайда беріледі.
Бұдан бұрын, 2019 жылдың басында Астанада SmartAstana мобильдік қосымшасы арқылы уақытша еңбекке жарамсыздық парағының (еңбекке жарамсыздық парағының) түпнұсқалығын тексеру сервисі іске қосылған болатын.
Малика Бектұрованың айтуынша, бұл қызмет мемлекеттік мекемелерде де, жеке компаниялардың кадрлық қызметтерінде де танымал болды.
«Бүгінгі таңда Астана емханалары беретін барлық ауруханалық парақтарда QR-кодтар бар. Еңбекке жарамсыздық парағы немесе анықтама QR-кодын қолдан әзірлеу мүмкін емес. Жарнама орналастырған адамдарға сенсеңіз де, мұндай парақты немесе анықтаманы сатып алып, оны кадр қызметіне әкелсеңіз де, мұның жалғандығы оңай анықталады. Кадр қызметінің қызметкері SmartAstana қосымшасын ашып, QR-кодты сканерлеп, құжаттың түпнұсқалығын тексере алады», – деді әкім орынбасары.