Кеше 2026, 21:50 Фото: istockphoto.com

Астанада медицина қызметкеріне күш қолданған ер адам сотталды

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты медицина қызметкеріне қатысты зорлық қолданғаны үшін И.-ға үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот мәліметінше, оқиға сауда үйінің автотұрағында болған. Алкогольдік масаң күйдегі сотталушы жедел жәрдем бригадасының жұмысына көңілі толмай, фельдшерге күш қолданған. Нәтижесінде медицина қызметкеріне физикалық ауырсыну келтіріліп, оның қызметін қауіпсіз атқару құқығы бұзылған.

Іс материалдары бойынша сотталушының кінәсі толық дәлелденген. Ол өз кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ал жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды өтінген.

Сот кінәні жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының бұрын сотталмағанын және шын жүректен өкінгенін ескерді. Ал қылмыстың алкогольдік мас күйінде жасалуы ауырлататын жағдай деп танылды.

Осыны негізге ала отырып, сот И.-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.