Астанада мас күйінде Есілді жүзіп өтпек болған ер адам құтқарылды
Қауіпсіздік талаптарын бұзған азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астанада Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Есіл өзенін мас күйінде жүзіп өтпек болған ер адамды құтқарып қалды.
Оқиға күндіз «Газмашаппаратура» саяжайы маңында өзен акваториясын жоспарлы патрульдеу кезінде болған. Құтқарушылар суда жүрген азаматтың өзеннің арғы бетіне өз бетінше жүзіп өтпек болғанын байқап, дереу көмекке келген.
Жедел әрекеттің нәтижесінде 1981 жылы туған ер адам судан шығарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Оған медициналық көмек қажет болмаған.
Қауіпсіздік талаптарын бұзған азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ТЖМ тұрғындарға мас күйінде суға түспеуге, тек арнайы жабдықталған орындарда шомылуға және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.