Астанада мас ер адам әйелді жұмыс орнына дейін аңдыған: сот оны 10 тәулікке қамады
Ер адам мас күйде әйелді аялдамадан жұмыс орнына дейін аңдып, телефон нөмірін талап еткен.
Астанада бейтаныс әйелге тиісіп, соңынан қалмай аңдыған ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот таратқан мәліметке сәйкес, оқиға 2026 жылғы 12 қазанда таңертең болған.
2026 жылғы 12 қазанда сағат 08:10 шамасында азамат А. мас күйде қоғамдық орында бейтаныс әйел Ж.-ның соңынан аңдыған. Ер адам әйелдің қоғамдық көліктен түскен жерінен бастап жұмыс орнына дейін соңынан еріп, одан қайта-қайта телефон нөмірін сұрап, әдепсіз әрекеттер жасаған, – делінген сот хабарламасында.
Сотта Қазақстан азаматы өз кінәсін мойындады. Оның құқық бұзушылық жасағанын іс материалдары, түсініктемесі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, бейнежазбалар мен жәбірленушінің арызы растаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сот азамат А.-ны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Жаза белгілеу кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, оның мас күйде жасалғанын, жәбірленушіні ұзақ уақыт бойы аңдығанын және оның жеке басына қол сұғылғанын ескерді. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ, – деп толықтырды сот өкілдері.