Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері өтеді

Астананың 7-9 қараша күндері Маңғыстау облысының «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі» атты мәдени күндері өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана тұрғындары мен қонақтары үшін аңыз өріп, жұмбақ жайлаған қасиетті мекеннің мәдени жауһарларымен, бірегей өнер туындыларымен етене танысудың және рухани кездесулерге қатысудың сәті түсіп отыр.

Үш күнге жалғасатын мәдени-рухани шаралар аясында астаналықтарға арнап театр қойылымдары сахналанып, маңғаз Маңғыстаудың мақамды жыр-дастаны, өңір өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі, сондай-ақ әдеби-сазды кештер мен салтанатты жиындар ұйымдастырылады.
Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндерінің бағдарламасы төмендегідей:

7-8 қараша күндері Қуыршақтар театрында және «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында сағат 10:00-12:00 аралығында Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының балаларға арналған қойылымдары өтеді.

7 қараша күні сағат 15:00-де Қазақ Ұлттық өнер университеті залында «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» күй кеші ұйымдастырылады.

7 қараша күні сағат 18:30-да М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры Е.Аманшаевтың «Құбылу» спектаклін қояды.

8 қараша күні сағат 10:00-17:00 аралығында Достық үйінде Маңғыстау облысы туризм саласының «Марс пейзаждары» көрмесі өткізіледі.

8 қарашада сағат 10.00-17.00 аралығында Достық үйінде Маңғыстау өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі, сол сияқты сағат 11:00-де «Маңғыстау – ұлттық құндылықтар құндақталған мекен» - рухани шара ұйымдастырылады.

Дәл осы күні сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Ә. Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология, Маңғыстау қазақтарының ХХ ғасырдағы ұлттық киім үлгілері көрмесін, Н. Мұхановтың «Күмбірлейді күмістер» коолекциясынан көрме және қолөнерші Алдаберген Тіленбаевтың сүйектен жасалған картиналарының көрмесі жоспарланып отыр.

Осыдан кейін сағат 19:00-де Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндерінің ашылу салтанатының гала-концерті өтеді.

9 қараша күні сағат 15:00-де Еуразия ұлттық университетінің залында «Ақиық өлке, алғи-жыр» әдеби сазды кеші ұйымдастырылады.

Дәл осы күні сағат 18:30-да М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрында М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» спектаклі өтеді.

Маңғыстау облысының мәдени күндерінде 9 қараша күні сағат 19:00-де «Мерейлі мекен – Мұнаралы Маңғыстау» М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің концертімен қорытындыланады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Елорда әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы