LRT жүйесі іске қосылуға дайын: сынақ кезеңі аяқталды
Жаз мезгілінде LRT бағыты бойында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Астанада LRT жүйесін іске қосуға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әкімнің айтуынша, LRT желісінің тестілік кезеңі іс жүзінде толық аяқталған, жүйе пайдалануға дайын. Қазіргі таңда негізгі назар инфрақұрылымды жетілдіру мен абаттандыру жұмыстарына аударылған. Жоба аясында станцияларға кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Жаз мезгілінде LRT бағыты бойында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, жолдар мен кірме жолдарды ретке келтіру, жасыл желек отырғызу, заманауи жарықтандыру жүйелерін орнату және эстакада астындағы кеңістікті тиімді пайдалану жоспарланған. Бұл шаралар қалада «жасыл дәліз» қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Тәуелсіздік даңғылынан «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейінгі аумақта жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Ш. Қалдаяқов көшесінде де жол құрылысы мен абаттандыру қатар жүргізілуде. Биыл осы учаскеде кезең-кезеңімен көлік қозғалысын ашу көзделген.
Қала билігінің мәліметінше, LRT желісін іске қосу жақын уақытта жоспарланып отыр.