Астанада ЛГБТ насихатына қарсы петиция бойынша соңғы отырыс өтті

Бүгін «Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!» петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Әділет министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуде мемлекеттік органдардың, өтініш берушілердің, сарапшылардың және басқа да мүдделі тараптардың ұстанымдары айтылған жұмыс тобының алдыңғы екі отырыс нәтижесі талқыланды.

Қатысушылар петицияны қарау барысында ұлттық және халықаралық нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, жетекші сарапшылармен консультациялар өткізгенін, Қазақстан халқынан алынған әлеуметтік сауалнамалар нәтижелері сараланғанын атап өтті.

Нәтижесінде уәкілетті орган «Жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен культ қылудан қорғау, алшақтату» талаптарына қатысты петицияны ішінара мақұлдау туралы шешім қабылдады. Яғни, балалар аудиториясына сексуалды контент таратуға шектеулер енгізу қажеттілігі қарастырылуда.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл шешім алдын ала және елдегі негізгі заңының ережелеріне, халықаралық және ұлттық нормативтік құқықтық құжаттардың талаптарына, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына сәйкес келетінін атап өтті.

Сонымен қатар, министрліктің шешімі «Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңына және Конвенцияға негізделеді. Заңға сәйкес мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы әлеуметтік ортаның, қандай да бір ақпараттың, оның денсаулығына, адамгершілігіне және рухани дамуына зиян келтіретін насихат пен үгіттің кері әсерінен қорғауға міндетті.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, министрлік ресми шешімді осы жылдың 6 тамызына дейін петиция авторына жолдайды. Осы мәселе бойынша шешім сол шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей интернет-ресурста жарияланатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы