Астанада күніне 70 жол апаты тіркеледі
Астанада жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Өткен тәуліктің өзінде мұндай 70-тен астам дерек тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салдарынан 4 адам жарақат алды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер жүргізушілерге үндеу жасады.
7 қаңтарда елордада 70-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 25-і түнде болған. Полицейлер мұндай оқыс жағдайлардың негізгі себебін жылдамдықты шектен тыс асырумен байланыстырып отыр.
Жол жүру ережелерін сақтамауы, жылдамдық режимдерін сақтамауы, арақашықтықты сақтамауы және бүйірлік арақашықтықты сақтамауы себептерінен. Сақтық шаралары жол-көлік оқиғасының айтарлықтай азаюына әсер етеді. Сондай-ақ тұрғындарға жол бойына көліктерін қалдырмауға және қоғамдық көліктердің жұмыс жасауына кедергі келтірмеуді сұраймыз, - дейді патрульдік полиция полкінің инспекторы Жеңіс Әлиев.
Синоптиктердің болжауынша, қолайсыз ауа райы әлі біраз күн сақталуы мүмкін. Сондықтан тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.