Астанада көркем гимнастикадан ашық чемпионат басталды
Елорда төрінде көркем гимнастикадан кезекті қалалық ашық чемпионат өтіп жатыр. Чемпионатта 320 көркем гимнасшы сынға түсуде. Олардың ең жасы - 9-да, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов, № 1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры Данияр Тулегенов қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сіздерді көркем гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионатының ашылуымен құттықтаймын! Бұл чемпионат – жай ғана жарыс емес, ол нағыз шеберлік, өнер және кемелдікке ұмтылыстың көрінісі. Бүгін мұнда қаламыздың намысын қорғауға, өз шеберліктерін паш етіп, лайықты жүлделерге қол жеткізуге ұмтылған жас гимнастшылар жиналып отыр. Әрбір өнер көрсету сұлулық пен үйлесімге, жаңа биіктерге ұмтылумен толы. Барлық қатысушыларға сәттілік, шабыт және тамаша өнер көрсетулерін тілеймін! Әрқайсыңыз өз жетістіктеріңізбен мақтан тұтыңыздар және жаңа биіктерге ұмтыла беріңіздер, - деді Исламбек Байманов.
Қазіргі сәтте елордамыздағы 16 көркем гимнастика мектебінде 5000-нан астам спортшы жаттығады. Олардың қатарында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты № 1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде 300-ге жуық гимнасшылр тегін түрде қатысады. Қаламыздың жас таланттары Республикалық чемпионатта басты фавориттердің қатарына кіреді.