Астанада Кореядан әкелінген қауіпті қызанақ тұқымы анықталды
Астана әуежайында карантиндік зиянкеспен залалданған өнімді әкелу фактісі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласының халықаралық әуежайындағы фитосанитариялық бақылау бекетінде карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу барысында ұлттық заңнама талаптарын бұза отырып, карантинге жатқызылатын өнімді әкелу фактісін анықталды.
Бақылау барысында Корея Республикасынан әкелінген, шығу тегі Үндістандық қызанақ тұқымдарының партиясы анықталды. Фитосанитариялық іс-шаралар нәтижесінде аталған өнімнің карантиндік нысан — қызанақ жемістерінің қоңыр әжімділік вирусымен (Tomato brown rugose fruit virus) залалданғаны белгілі болды. Аталған вирус ауыл шаруашылығы өндірісіне, әсіресе көкөніс шаруашылығына елеулі зиян келтіруі мүмкін аса қауіпті карантиндік нысандар қатарына жатады және елдің фитосанитариялық қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіреді. Карантинге жатқызылатын өнімнің иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға карантинге жатқызылатын өнімді Қазақстан аумағына әкелу кезінде карантиндік фитосанитариялық заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.