Астанада конституциялық реформаны түсіндірудегі БАҚ-тың орны талқыланды
20 тамыз күні Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституциялық реформа және БАҚ дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дөңгелек үстелге ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халықаралық заңгерлер қауымдастығы» ҚБ президенті Марат Башимов; Республикалық заң консультанттары палатасының төрағасы Серік Ақылбай; «Азаматтық альянс» ЗТБ атқарушы директоры Нұрас Ералы; ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Әлішер Мұқажан; «Абай» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов; «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин; «Qazcontent» АҚ төрайымы Айна Задабек, «QR news» порталының директоры Нұрбол Төлебаев; «Бас редакторлар клубының» атқарушы директоры Бибігүл Құламан; журналист, медиаменеджер Абай Сейфолла қатысты.
Сондай-ақ кездесуге өңірлердегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары онлайн форматта қатысты. «Алатау ақпарат» медиа холдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы отандық журналистерге құқықтық медиа сауаттылыққа арналған оқу сабақтарының көп болуы артықшылық етпейтігіен ерекше атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында БАҚ-тың конституциялық реформаны ілгерілетудегі рөлі, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылардың айтуынша, реформалардың мән-мағынасын кең аудиторияға жеткізуде және демократиялық процестерге деген сенімді нығайтуда БАҚ басты құрал болып табылады.
Спикерлер БАҚ қызметінің құқықтық негіздерін нығайту, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігі, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.
Құқықтық нормалардың қағаз жүзінде ғана емес, қоғам өмірінде толық орындалуы үшін халықтың құқықтық сауаттылығы ерекше маңызды. Құқығын білетін азамат – өз мүддесін қорғай алатын, заңға сеніммен қарайтын азамат. Бұл – демократиялық қоғамның басты өлшемдерінің бірі. Осы тұрғыда Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. БАҚ тек ақпарат таратушы ғана емес, халықтың құқықтық білімін арттыратын, заңнамалық реформаларды түсіндіретін, Конституция қағидаттарын насихаттайтын маңызды институтқа айналуда, - деді сенатор Бибігүл Жексенбай.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру – әділетті Қазақстан құрудың негізгі алғышарты». Осы бағытта Конституциялық Сот пен «Бас редакторлар клубы» арасындағы меморандум ерекше маңызға ие. Бұл – БАҚ арқылы халыққа конституциялық құқықтарды түсіндірудің жаңа кезеңін ашады. Алдымызда тұрған басты міндет – құқықтық мәдениеті жоғары, өз құқығын білетін және оны қорғай алатын қоғам қалыптастыру. Бұл міндетті жүзеге асыруда мемлекет пен азаматтық қоғам, соның ішінде БАҚ ортақ жауапкершілікті бөліседі, - деді сенатор.
Конституциялық реформа бұл тек құқықтық жүйедегі өзгерістер ғана емес, сонымен қатар демократиялық құндылықтарды нығайту. Бұл ретте БАҚ ерекше рөлге ие, себебі олар қоғамға реформалардың мәнін түсіндіріп, оның нәтижелеріне деген сенімді қалыптастырады,- деді Марат Башимов.
Дөңгелек үстел «Бас редакторлар клубы» ҚБ мен Қазақстан Республикасы Конституциялық соты арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар құқықтық мәдениетті дамыту және демократиялық процестерде БАҚ рөлін нығайту бағытында диалогты әрі қарай жалғастыруға және журналистердің құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған оқыту сабақтарын өткізуге уағдаласты.