Астанада көлігіне балағат сөз жазған жүргізуші 10 тәулікке қамалды
Жүргізуші көлігіне көпшілікке көрінетін әдепсіз жазу орналастырғаны үшін ұсақ бұзақылық жасағаны танылды.
Астанада Toyota Camry көлігінің жүргізушісі машинасына әдепсіз мазмұндағы жазу орналастырғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 28 қазанда сағат 21:00 шамасында елордадағы жанармай құю бекеттерінің бірінде болған. Ер адам көлігіне айналасындағылар көре алатын балағат сөз жазылған жазуды орналастырған.
Автокөліктің видеосы Instagram желісіндегі Zhaloby.Astana парақшасында жарияланып, қолданушылардың назарын аударған. Сот жүргізушінің әрекетін айналасындағыларды құрметтемеу және қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалады.
31 қазанда әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот ер адамды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Аталған баптың санкциясында 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәуліктен он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген. Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, кінәлінің жеке басын, сондай-ақ оқиғаға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескерген.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.