27 Қазан 2026, 11:57 Фото: Canva

Астанада кішкентай қызға тиісу дерегі бойынша ер адам ұсталды

Елорда полициясы кәмелетке толмаған балаға сексуалдық сипатта тиісу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Астанада кішкентай қызға сексуалдық сипатта тиісу дерегі бойынша ер адам ұсталды. Бұл фактіге қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Астана тұрғыны әлеуметтік желіде кішкентай қызға тиісіп, мазасын алған деген ер адамның суретін жариялады. Осыдан кейін елорда полициясы тергеуді бастады.

Бағыстан-4 тұрғын үйлерінің бірінде кішкентай қыздың қатысуымен ауыр оқиға болды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, суреттегі жас жігіт балаға тиісіп, мазасын алған. Күндізгі уақытта кішкентай, қорғансыз қыз зорлық-зомбылықтың құрбаны бола жаздады. Баланың мұндай жағдайға кез келген уақытта, кез келген жерде тап болуы мүмкін екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Осы адамды танығандардың барлығынан тиісті органдарға шұғыл хабарлауды сұраймыз, – делінген жазбада.

Оқиғаға қатысты елорданың Есіл аудандық полиция бөлімі мәлімдеме жасады.

Осы дерек бойынша Астана қаласы Полиция департаментінің Есіл ауданы полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің “Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипаттағы тиісу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деді полиция.