22 Қараша 2026, 14:56 Фото: istockphoto.com

Астанада Kazakhstan Fashion Week аясында 17 дизайнер өз топтамасын ұсынады

Негізгі сән апталығының көрсетілімдері 23-24 қараша күндері The St. Regis Astana қонақүйінде өтеді. Қатысушылар қатарында қазақстандық және шетелдік дизайнерлер бар.

Астанада сән индустриясы, өнер және мәдениет өкілдерін біріктіретін Kazakhstan Fashion Week сән апталығы өтіп жатыр. Биыл өз топтамаларын Қазақстаннан және басқа елдерден келген 17 дизайнер ұсынады.

Сән апталығының бағдарламасы 21 қарашада ForteBank алаңында басталды. Алғашқы болып ұлттық мұраны заманауи визуалды шешімдер арқылы жаңаша ұсынатын қазақстандық Dinara Satzhan бренді өз топтамасын көрсетті. Бренд сән мен өнерді ұштастырады.

Негізгі көрсетілімдер 23 және 24 қараша күндері The St. Regis Astana қонақүйінде өтеді. Бір подиумда өзіндік эстетикасы, шығармашылық тәсілі мен мәдени идеялары бар дизайнерлер бас қосады.

Қатысушылар қатарында Aida KaumeNOVA, TakoMekvabidze, Zalkar, Solangel, Hanum Aidash, Zardozi, Dinal, Меруерт Балманова, Ainash Qara, Venera Collection, Tamen, Азамат Сайн, Svetlichnaya, Veshalka boutique, Guni және ASD Jewelry бар.

Биыл Aida KaumeNOVA брендіне ерекше назар аударылады. Осы жылы дизайнердің Қазақстан сән индустриясының тарихындағы шығармашылық жолына 20 жыл толып отыр.

Жаңа топтамалардың көрсетілімінен бөлек, Kazakhstan Fashion Week кәсіби диалог пен мәдени алмасу алаңына айналып, қазақстандық сән индустриясының халықаралық деңгейде дамуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 23 қараша күні сағат 16:00-де The St. Regis Astana қонақүйінде қазақстандық және шетелдік дизайнерлердің қатысуымен сән апталығының баспасөз мәслихаты өтеді.