Астанада кәсіпқой спорт клубтарын дамытуға қатысты мәселелер талқыланды

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры" (Sport Qory) корпоративтік қорының және отандық кәсіпқой спорт клубтарының басшыларымен жиналыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, жиынға Sport Qory-ның, "Астана" футбол клубының, "Барыс" хоккей клубының, "Астана" баскетбол клубының, Astana Qazaqstan Team велокомандасының бас директорлары қатысты.

Отырыста кәсіпқой клубтардың былтырғы есебі тыңдалып, спорт клубтарын дамытуға қатысты негізгі мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жиын барысында министр клубтардың негізгі жұмыс бағыттарын айқындап, командалардың қызметін тиімді ету және жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Атап айтқанда, кәсіпқой клубтарға нақты көрсеткіштер арқылы 2025-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірлеу, бюджетті оңтайландыру және «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес легионерлерге жалақыны бюджет есебінен емес, демеушілерді тарта отырып төлеу туралы нақты тапсырмалар жүктелді.

Клубтар алдындағы тағы бір маңызды міндет – негізгі және жасөспірімдер құрамасына іріктеу жүйесін біріздендіру. Сондықтан кәсіпқой клубтар республикалық федерациялармен және аймақтық спорт ұйымдарымен өзара іс-қимылды нығайтуға тиіс. Бұл халықаралық турнирлерде өнер көрсететін ұжымдардың сапында отандық спортшылардың санын арттыруға мүмкіндік береді.

Министрлік отандық спортты дамыту, жас таланттарды қолдау және қазақстандық спортшылардың халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды одан әрі жалғастырады. Әсіресе, жасөспірімдер командаларын дамытуға және қолдауға ерекше көңіл бөлу қажет, – деді Туризм және спорт министрі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Өзгелердің жаңалығы