Астанада картоп неше теңгеге қымбаттады?
BAQ.KZ тілшісі картоптың орташа бағасы неше теңге екенін білу үшін Астанадағы сауда орталықтарының біріне барды. Сауда орталығында сатушы да, сатып алушының да қарасы аз. Халық ең көп тұтынатын өнімнің бағасы неліктен көтерілгенін сатушылардан сұраған едік.
Біз картопты көтерме бағамен сататын жерден аламыз. Өнім Павлодар, Көкшетау және Ираннан келеді. Көтерме бағамен сататындар бағаның түспейтінін айтты, - деді сатушы.
Картоптың бір келісі 370-380 теңгеден басталады. Ал Иран елінен әкелетін картоптың бағасы – 450 теңге.
Картоптың бағасын қадағалау керек. Өзімізде шығатын өнім ғой. Көп шығады. Қоймаларда тұр. Дұрыстап бөлу керек. Қымбаттап жатыр. Алып-сатарларды бақылау қажет, - дейді сатып алушы.
Айта кетейік, Үкімет картоп бағасының шарықтап кетуі өнім экспортының 1,5 есеге өсіп, 605 мың тоннаға жеткенімен түсіндіреді. Яғни бұған көрші елдерден сұраныстың артуы және экспорттық бағаның күрт жоғарылауы әсер еткен.
Бұған дейін Мәжіліс кулуарында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков елдің барлық өңірінде картоп бағасы 115-130 теңге аралығында екенін айтқанын жазған болатынбыз.