Астанада «Jas Power» жобасының 2026 жылғы жұмысы қорытындыланды
Биыл «Jas Power» жобасы еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласын қамтыды.
Astana IT University-де жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие беруге бағытталған «Jas Power» жобасының жылдық қорытындысы таныстырылды. Жиында Қазақстан жастарының азаматтық бірегейлігі туралы талдамалық баяндама ұсынылды.
Кездесуге республикалық жастар ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сарапшылар және студенттер қатысты.
«Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттік қозғалысының өкілдері баяндамаға негіз болған әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін таныстырды. Зерттеу барысында жастардың азаматтық бірегейлігі, қоғамдық институттарға деген сенімі және мемлекеттік рәміздерге көзқарасы зерделенген.
Биыл «Jas Power» жобасы еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласын қамтыды. Сондай-ақ «Q-Idea» байқауының жеңімпаздары жоба аясында жүзеге асырған әлеуметтік бастамаларын көпшілікке таныстырды.
Жиын соңында қатысушылар атқарылған жұмыстарды талқылап, жобаны одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.