Бүгiн 2026, 16:13 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Астанада ішек инфекциясы 9,7%-ға азайды: Науқастардың 67%-ы – балалар

2026 жылдың алғашқы бес айында Астана қаласында жедел ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықтың төмендеуі тіркелді.

Мамандар балалар арасында ауру көрсеткіші әлі де жоғары екенін айтып, сақтық шараларын күшейту қажеттігін ескертуде.

Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биылғы бес айда жедел ішек инфекциясының 797 жағдайы тіркелген. Интенсивті көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 50,59 болды. Өткен жылдың осы кезеңінде 847 жағдай тіркеліп, көрсеткіш 56,03 болған.

Осылайша, елордада жедел ішек инфекцияларымен сырқаттанушылық деңгейі 9,71 пайызға төмендеген. Соған қарамастан, Астанадағы көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден 2,32 есе жоғары болып отыр. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 21,81-ді құрайды.

Аурудың үштен екісі балалар арасында тіркелген

Статистикаға сәйкес, жедел ішек инфекциясына шалдыққандардың басым бөлігі балалардың үлесінде.

Есепті кезеңде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 538 жағдай тіркелген. Бұл жалпы сырқаттанушылықтың 67,5 пайызын құрайды. Ең көп жағдай 1-2 жас аралығындағы балалар арасында анықталған – 190 жағдай. Ал 3-6 жас аралығында 175 жағдай тіркелген.

Бір жасқа дейінгі балалар арасында 66 жағдай, 7-9 жас аралығында 74 жағдай, ал 10-14 жас аралығында 33 жағдай анықталған.

Балалардың ішек инфекцияларына жиі шалдығуы олардың иммундық жүйесінің толық қалыптаспауы және жеке бас гигиенасын әрдайым сақтай бермеуімен байланысты. Әсіресе жаз мезгілінде балалар көшеде, демалыс орындарында көп уақыт өткізеді. Сондықтан ата-аналар балалардың қол жууына, ішетін суы мен тұтынатын тағамдарының сапасына ерекше көңіл бөлуі қажет, - дейді Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева.

15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 77 жағдай тіркелсе, 19-29 жас аралығындағы тұрғындар арасында 65 жағдай анықталған. Ал 60 жастан асқан адамдар арасында 42 жағдай тіркелген.

Әлеуметтік-кәсіби құрылым бойынша ең көп жағдай ұйымдасқан балалар арасында тіркелген – 230 жағдай. Мектеп оқушылары арасында 168 жағдай, ұйымдаспаған балалар арасында 145 жағдай анықталған.

Ауру қоздырғышын анықтау көрсеткіші артқан

Маман сөзінше, зертханалық диагностика сапасының жақсаруы нәтижесінде ауру қоздырғышын нақты анықтау көрсеткіші артқан.

Биылғы бес айда этиологиясы нақтыланған жедел ішек инфекцияларының 592 жағдайы тіркелді. Бұл жалпы сырқаттанушылықтың 74,2 пайызын құрайды.

Ал этиологиясы анықталмаған инфекциялар саны 202 жағдай болған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде мұндай жағдайлар саны 364 болған еді.

Сонымен қатар бактериялық дизентерияның небәрі 3 жағдайы тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 18 жағдай болған.

Этиологиясы нақтыланған жағдайлардың артуы зертханалық диагностиканың тиімділігінің жоғарылағанын көрсетеді. Бұл инфекция қоздырғышын нақты анықтап, емдеу мен эпидемияға қарсы шараларды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Инфекцияның негізгі көзі – тағам өнімдері

Эпидемиологиялық зерттеу нәтижелері аурудың негізгі таралу жолы бұрынғысынша тағам арқылы жұғу екенін көрсетті.

Бес ай ішінде тағам арқылы жұқтырудың 361 жағдайы анықталған. Бұл барлық жағдайлардың 45,2 пайызын құрайды.

Тұрмыстық-қатынастық жолмен жұқтыру 98 жағдайда немесе 12,2 пайызда тіркелген. Ал 338 жағдайда инфекцияның берілу жолын нақты анықтау мүмкін болмаған.

Эпидемияға қарсы іс-шаралар барысында патогенді микрофлораны анықтау үшін судың 34 сынамасы зерттелді. Барлық нәтижелер теріс болған.

Сонымен қатар зертханалық тексеруге алынған 12 тағам өнімінің 7-еуінен санитариялық талаптарға сәйкессіздік анықталған. Оның ішінде екі сынамада микроорганизмдер санының жоғарылағаны байқалса, бес сынамада ішек таяқшалары тобының бактериялары табылған.

Еске салайық, бұған дейін жазда тағамнан уланудан қалай сақтануға болатынын жазған едік.