Астанада ірі көлемде синтетикалық есірткі жасырмақ болған ер адам ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік кезінде Қарағанды тасжолының бойындағы ағаштардың арасынан белгісіз ер адамды байқаған.

Күдікті маңайын ұялы телефон камерасына түсіріп жүрген. Полицейлер оны тоқтатып, орманда қандай мақсатпен жүргенін сұрағанда, зират басынан келе жатқанын айтқан. Бірақ, ер адамның қатты қобалжып тұрғаны күдік тудырған. Тексере келе полиция қызметкерлері ағаш түбінен мұқият қапталған синтетикалық есірткі тауып алды. Пакетте «Мефедрон» және «Альфа-РVР» синтетикалық есірткісінің бары анықталды. Алынған препараттың жалпы салмағы 1,25 келіден асады, – делінген хабарламада.

Есірткіні елордаға жеткізген 27 жасар Алматы қаласының тұрғыны болып шықты.

Күдікті есірткіні Нұр-Сұлтан қаласының аумағында сатпақ болған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. 6 мыңнан астам бір реттік дозаның құны «қара» нарықта 25 млн теңгені құрайды. Жыл басынан бері елорда аумағында заңсыз айналымнан 30 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді, – дейді ведомстводан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы