Астанада халықаралық "Шабыт" байқауының жеңімпаздары марапатталды
Астанада "Шабыт" XXVIII халықаралық шығармашыл жастар конкурсының қорытындысы шығарылып, үздік қатысушылар марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл байқауға Қазақстанның барлық өңірінен және шетелден 800-ден астам жас талант қатысты. «Шабыт» – дарынды жастарды қолдауға, кәсіби дамуына жағдай жасауға және халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған елдегі ең ірі шығармашылық алаңдардың бірі.
Қазылар алқасының құрамына Қытай, Ресей, Түркия, Италия, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген танымал музыканттар мен мәдениет қайраткерлері енді. Қатысушылар тыңдаулар мен іріктеу турларынан өтіп, лекциялар тыңдап, шығармашылық зертханаларда жұмыс істеді және концерттік бағдарламаларға қатысты.
2025 жылы конкурс алғаш рет кеңейтілген білім беру бағдарламасын ұсынды. Бір апта бойы жас орындаушылар шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибелі мамандардан тікелей кеңес алды.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана әкімдігі және Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоғары деңгейдегі дайындық пен қатысушылар белсенділігі «Шабыттың» шығармашыл жастар үшін маңызды платформа болып қала беретінін көрсетеді.