Астанада фитнес-тренерге тиіскен ер адам қамауға алынды

Елордада 58 жастағы ер адам көшеде қызға тиіскені үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы елордадағы Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот мәліметінше, 9 тамыз күні ер адам коммерциялық нысанның жанынан өтіп бара жатып, сол сәтте аумақты тазалап жүрген жәбірленушінің интимдік жеріне қолымен тиген. Оның әрекеті смартфон камерасына түсіп қалған, кадрлар кейін әлеуметтік желіде тараған.

Жәбірленуші Ариана есімді фитнес-тренер полицияға шағымданғаннан кейін құқық бұзушы ұсталды. Сотта ол кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жазаны жеңілдетуді сұраған. Ол алты баланы тәрбиелеп отырғанын алға тартқан.

Іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша сараланған. Бұл бапта 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау көзделген.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды, сондай-ақ ҚР заңнамасының талаптарын сақтау рухында тұлғаны тәрбиелеу, құқық тәртібіне құрметпен қарау және құқық бұзушының да, өзге адамдардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауына жол бермеу мақсатында әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін сот 5 (бес) тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындауды орынды деп санайды, – делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: - архив/ Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы