Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр
Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сот процесі онлайн-трансляция форматында өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотталушылар қатарында ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязова бар. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы - «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша айып тағылған.
Бұған дейін сот отырысында прокурор Саяжан Серікова айыптау актісін жариялаған болатын. Айыптау тарабының мәліметінше, ОСИ-дің қарамағында Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тұрғын үйге жүргізілген техникалық тексеру қорытындысы болған. 2017 жылғы құжатта ғимараттың жалпы физикалық тозуы 31 пайыз деп бағаланған. Сонымен қатар мамандар нысанның қасбетін жөндеу қажеттігін көрсеткен.
Айыптау нұсқасына сәйкес, Жұбаниязова ОСИ төрағасы қызметін атқарған кезеңде ғимарат қасбетіне тиісті визуалды тексеру жүргізуді, ақаулар мен апатты жағдай туғызуы мүмкін учаскелерді уақтылы анықтауды қамтамасыз етпеген. Сондай-ақ қажетті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырмаған.
Сотталушының кінәсі сотта анықталуы тиіс.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада болған.
Ғимарат қасбетінің қаптама бөліктері құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері келген. Медициналық көмек көрсету кезінде ғимараттың тағы бір бөлігі құлап, салдарынан фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алған. Кейін ол ауруханада есін жимастан қайтыс болды.
Қазір іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сот процесін онлайн форматта бақылауға болады.