Астанада ет өнімдерін заңсыз өңдеген цех анықталды
Астанада "Мал ұрлығы" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ауыл шаруашылығы жануарларын сойып, етін мүшелеумен айналысқан заңсыз цехтың жұмысы әшкереленді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің елордадағы аумақтық инспекциясының мәліметінше, нысан қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген. Атап айтқанда, ет өнімдерін өңдеу үшін ветеринариялық-санитариялық қорытынды мен есептік нөмірі болмаған.
Оқиғаға байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қой етінен сынамалар алып, оларды зерттеу үшін "Республикалық ветеринариялық зертхана" РМК-ның Астана қаласындағы өңірлік филиалына жіберді.
Заң талаптарын бұзған тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар шығу тегі белгісіз ірі және ұсақ қара малдың жалпы салмағы 360 келі болатын ішкі ағзалары мен қосалқы өнімдері "Астана-Ветсервис" КМК-ның пеш-инсинераторында өртеу арқылы жойылды.
Ведомство мәліметінше, осы бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.