Астанада Эстонияның қолғап көрмесі ашылды
ҚР Ұлттық музейінде Эстония Ұлттық музейінің “Қолмен өрілген қолғап сыры” көрмесі ашылды. Ашылу салтанатына Эстония Республикасының Президенті Алар Карис қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл шара Қазақстан мен Эстония арасындағы мәдени диалог пен достықтың жарқын символына айналатынын айтты.
Эстон қолғаптарының таңғажайып өнеріне арналған көрме – халық мәдениетінің ең танымал нышандарының бірі. Қазақстан үшін Эстонияның мәдени мұрасымен танысу ерекше маңызды. Осындай көрмелер ұлттық бірегейліктің жаңа қырларын ашып, шығармашылық диалогқа мүмкіндік береді, – деді ол.
Эстония Республикасының Президенті Алар Карис эстон мәдениетінен қолғаптың алар орнын түсіндіріп, қолғаптың Қазақстанға да тән бұйым екенін жеткізді.
Солтүстік халықтары үшін қолғап әрдайым өмірдің табиғи серігі болып келген. Менің ойымша, бұл Қазақстанға да тән. Бірақ қолғаптың мағынасы бұдан да терең, бұдан да астарлы. Ғасырлар бойы оған адамның мінезі, өмірге көзқарасы, сұлулықты сезінуі, тіпті отбасының таңбасы мен қорғаушы ишаралары өрнектеліп отырған, – деді Алар Карис.
Сондай-ақ Президент Эстония мәдениетінің көп бөлігі әйелдер арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткенін айтты.
Эстон ұлттық музейінің “Қолмен өрілген қолғап сыры” атты көшпелі көрмесінде эстон халқының тарихы көрініс табады. Біздің өрнектеріміз бен таңбаларымыз, халқымыз, қарапайым эстон анасы мен әжесінің болмысы. Иә, мәдениетіміздің көп бөлігі әйелдер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетті, – деді ол.
Бұл көрмеде 1909 жылы құрылған Эстония ұлттық музейінің қорында сақталған 5000 қолғаптың ішінен жүз шақты қолғап және олардың тарихы ұсынылған. Мұнда қойылған қолғаптар – музейдегі түпнұсқа бұйымдардың көшірмелері. Оларды Тарту университетінің Вильянди мәдениет академиясындағы Дәстүрлі қолөнер бағдарламасының студенттері мен түлектері тоқыған. Көрменің жетекшісі – Рээт Пиири, дизайнері – Мэрике Тамм.
Көрме идеясы өте мықты. Көптеген көрмелерді көшіру өте қиын. Осындай қарапайым көрме арқылы сіздер үлкен мәдени мұраларыңызды көрсетіп отырсыздар, - деп пікір білдірді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрмені тамашалаған соң.