Астанада Эстония Президентінің қатысуымен көрме ашылды
Бүгін Қазақстанға Эстония Республикасының Президенті Алар Карис мемлекеттік сапармен келді. Оның қатысуымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Эстония кітабы жылы аясында Эстония әдебиеті бұрышы мен комикстер көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Эстон тіліндегі алғашқы кітаптың жарық көргеніне 500 жыл толды. 2025 жылды эстон кітабы жылы деп жарияладық. Жыл бойы әртүрлі бастамалар арқылы оқудың маңызын атап өттік. Бүгін Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасында “Эстон кітабы 500” көрмесін және шағын, бірақ мәні зор эстон әдебиеті бұрышын ашып отырғанымызға қуаныштымыз, - деді Эстония Республикасының Президенті Алар Карис.
Жоба Эстонияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылып, эстон мәдениетін, тілін және әдеби мұрасын қазақстандық оқырмандар арасында насихаттауға бағытталған. Бұл қадамды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева руханияттың күші арқылы елдер мен халықтарды жақындастыратын ұзақмерзімді әрі маңызды бастама деп атады.
Ұлттық академиялық кітапханасында Эстония әдебиеті мен эстон қаламгерлері туралы 100-ден астам құнды басылым сақталған. Олардың қатарында эстон әдебиетінің көрнекті өкілдері Юхан Смуул, Пауль Куусберг, Яан Кросс сынды қаламгерлердің шығармалары бар. Эстон жазушыларының еңбектері қазақ тіліне аударылғанын атап өткім келеді. Бұл – халықтарымыздың арасындағы өзара байланыс пен әдеби диалогтың айқын көрінісі. Қазақ әдебиетінің інжу-маржандары да эстон тіліне аударылып, эстон оқырмандарына жол тартты, - деді министр.
Эстония әдебиеті бұрышы қазақстандық оқырмандар үшін Эстония халқының бай рухани әлеміне, көрнекті жазушылары мен ақындарының шығармашылығына терең бойлауға жол ашады. Жаңа бұрышта Эстонияның классик және қазіргі заман қаламгерлерінің туындылары, балаларға арналған көркемделген кітаптар, сондай-ақ эстон тіліне аударылған қазақ әдебиетінің жауһарлары мен қазақ тіліне тәржімаланған эстон авторларының шығармалары топтастырылған.
Көрмеге жалпы саны 320-ға жуық басылым қойылып отыр. Соның ішінде 200-ден астамы тікелей Эстониядан әкелінсе, қалғаны — ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорындағы эстон әдебиеті мен жазушылары жайлы эстон, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген жинақтар.
Әдебиет бұрышына қоса, іс-шара аясында эстон әдебиетінің тарихына саяхат жасайтын комикстер көрмесі ұсынылады. Экспозицияда эстон мәдениеті мен тарихының дамуына ықпал еткен маңызды шығармалар көрсетіледі – эстон тіліндегі алғашқы кітаптың жарық көруінен бастап Тәуелсіздік декларациясына дейінгі кезеңдер қамтылған. Көрмеде Эстония әдеби дәстүрінің маңызды кезеңдерін бейнелейтін 12 негізгі сюжет ұсынылған.
Көрме 2025 жылғы 30 қарашаға дейін жалғасады.