Астанада ерекше жандар мамандық алып шықты: Олардың оқиғасы көпті толқытты
Аутизм мен өзге де даму ерекшелігі бар жастар Астанада кәсіби білім алып, мемлекеттік үлгідегі куәлікке ие болды.
Астанада «Ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдер мен жастарға арналған оқу-өндірістік комбинаттар» жобасының түлектеріне куәлік табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жобаны «Bolashak Charity» қоғамдық қоры жүзеге асырып отыр. 2025–2026 оқу жылында аутизм спектрі бұзылысы, Даун синдромы, психикалық даму тежелуі, сөйлеу және есту қабілетінде ерекшелігі бар 22 жасөспірім мен жас «Кондитерлік іс», «Тігін өндірісі және киім модельдеу» және «3D-дизайн» бағыттары бойынша білім алған.
Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гапланның айтуынша, жоба ерекше қажеттілігі бар жастарға кәсіби дағды меңгертіп қана қоймай, оларды дербес өмірге және еңбекке бейімдеуге көмектеседі.
Қазіргі таңда бұл – ерекше жастарды кәсіби дағдыларға баулуға арналған бағдарлама. Мұнда аспаздық, кондитерлік, тігін өндірісі, дизайн, сәулет және басқа да мамандықтар оқытылады. Колледждермен бірге әзірлеген жеке оқыту моделі мектептен кейінгі кәсіби-техникалық білімге өтудің бір кезеңі саналады, – деді ол.
Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда аутизм және басқа да ерекшеліктері бар балалар жалпы білім беретін мектептерде білім алып жатыр. Алайда кейінгі кәсіби білім беру мен жұмысқа орналастыру мәселесі әлі де өзекті.
Бұл балалар өсті. Енді олардың сапалы білім алуы, әлеуметтенуі және жұмысқа орналасуы маңызды болып отыр. Біз аутизмі бар жастарға аздап қолдау көрсетіліп, қажетті жағдай жасалса, олардың да жұмыс істей алатынын көрсеткіміз келеді, – деді Динара Гаплан.
Жоба 2024 жылдан бері Астана әкімдігі мен AMANAT партиясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Қазір бағдарлама Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларында жұмыс істейді. Соңғы үш жылда жоба аясында 130-дан астам ерекше жас кәсіби білім алған.
Түлектердің бірі – 15 жастағы Әл-Фараби. Оның анасы Ләззат Қарағожинаның айтуынша, ұлы тігін ісін меңгеріп, сабақтарға қызығушылықпен қатысқан.
Ұстаздар балаларға тігін ісінің қыр-сырын үйретті – тігіс жүргізу, моншақ тігу және басқа да дағдыларды көрсетті. Үй жағдайында біз мұны үйрете алмаймыз. Бірақ ұлым бұл істің қызық екенін көрген соң, сабаққа қуана баратын болды, – деді ол.
Анасының айтуынша, Әл-Фарабиге аутизм диагнозы қойылған. Соңғы жылдары жасөспірімнің дербестігі айтарлықтай артқан.
Бұрын мектепте тьютор бірге жүретін. Қазір өзі қала ішінде еркін қатынайды, сабаққа өз бетінше барады. Практикаға да өзі келіп жүрді, колледж ішінде бағыт тауып, кабинетке өзі кіретін болды. Қазір қасында ешкімнің отырғанын қаламайды, бәрін өзі істей алады. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – деді Ләззат Қарағожина.
Оның айтуынша, ұлының әлеуметтенуіне мектеп, түзету сабақтары, спорт және қатарластарымен тұрақты қарым-қатынас үлкен әсер еткен. Әл-Фараби бүгінде паракаратэмен айналысып, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері атанған.
Сондай-ақ анасы ұлындағы аутизм белгілері екі жасында жасалған операциядан кейін байқалғанын айтты.
Жалпы наркоздан кейін бір аптадан соң сөйлемей қалды, өз-өзіне тұйықталып кетті. Кейін логопедтер мен дефектологтармен жұмыс істедік. Бір жарым жылдан кейін қайта сөйлей бастады, – деді ол.
Қазір Әл-Фараби еркін сөйлесіп, фильмдерді талқылап, қызығушылықтары туралы айтып, болашаққа жоспар құра алады.
Іс-шара соңында түлектерге кәсіби оқудан өткенін растайтын мемлекеттік үлгідегі куәліктер табысталды.