Астанада ерекше шахмат турнирі өтті
Астанада дипломатиялық қызмет пен халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне арналған "Diplomatic Chess Cup 2024" шахмат турнирі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара Қазақстан шахмат федерациясы мен Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Қатысушыларды ҚР СІМ кеңесшісі Файзрахман Қасенов пен KazChess/ҚШФ бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов құттықтады.
Шахмат – стратегиялық ойлауды, ымыра таба білуді және бейбіт келісімге келуді қажет ететін зияткерлік ойын, сондықтан ол дипломатияның мәнісін тамаша көрсетеді. Бұрыннан әлемдік дәстүрге айналған дипломаттардың шахмат турнирлеріне Қазақстан шахмат федерациясы жыл сайын қолдау көрсетеді.
Турнирде IOFS командасы жеңіске жетті.
Жарысқа қатысқан 18 команда 10+5 уақыт бақылауы жасалатын швейцариялық жүйе бойынша 7 тур ойнады (партияға 10 минут беріліп, әр жүріс үшін 5 секунд қосылады).
Финалдық турларда командалық ұпай саны бірдей (11) үш көшбасшы анықталды, бұл: IOFS (Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы), Fried Dragon (АҚШ Елшілігі) және MFA Kazakhstan (Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі). Жеке нәтиже бойынша қарсыластарынан озып кеткен IOFS командасы турнир жеңімпазы атанды.
Тақталардағы үздік ойыншылар:
Бірінші тақта:
- Марат Ибраимов (IOFS, Islamic Organization for Food Security) – 6 ұпай
- Арсен Сағатов (ҚР СІМ) – 5 ұпай
- Айбат Қабдылманап (Бельгияның Қазақстандағы Елшілігі) – 5 ұпай
Екінші тақта:
- Жеңібек Ақтаев (Fried Dragon, АҚШ Елшілігі) – 6 ұпай
- Умар Юнусзода (Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Елшілігі) – 6 ұпай
- Ғали Сейілханов (ҚР СІМ) – 5,5 ұпай
Жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табыс етілді.