Астанада ерекше балалардың ата-анасын қорлаған блогер ұсталды
Елордалық полицейлер «ерекше балалардың» ата-аналарын қорлаған блогер Гүлнәрді ұстап, «ұсақ бұзақылық» бойынша оның ісі сотқа жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астаналық блогер Гүлнәр ерекше қажеттілігі бар және мүгедек балалар туралы қорлайтын пікір айтқаннан кейін қоғамның қарсылығына тап болды. 40 000-нан астам жазылушысы бар Gulnara.blogger өз видеосында аутизм, мүгедектік және онкологияны ата-аналардың, әсіресе әйелдердің «азғын өмірі үшін жаза» деп атаған.
Бұл сөздер ата-аналардың ашу-ызасын тудырып, блогерді жауапқа тартуды талап етті. Балалардағы церебралды параличпен (ДЦП) ауыратын баланың анасы Марина Доталиева:
Балалар мен олардың аналарына тіл тигізу – адамдықтың ең төменгі деңгейі. Заң алдында жауап берсін, - деп жазды.
Балалар омбудсмені Динара Закиева жағдайға араласып, ІІМ-ге жүгінді.
Ерекше балаларға қатысты кемсітуге жол берілмейді. Қорлау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, - деп мәлімдеді Закиеева.
Дегенмен блогер кешірім сұраудың орнына өз ойын қорғап, өзін «буллинг құрбаны» ретінде таныстырған. Ол «қоғамға себеп-салдарды түсіндіргенін» айтқан жаңа видеожазба жариялады.
Аталған жағдайға байланысты Астана полицейлері блогерді ұстап, бөлімшеге жеткізген.
«Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, - деп хабарлады Астана қаласы Полиция департаменті.
Іс материалдары сотқа жіберіледі. Блогерге қатысты жаза түрін сот анықтайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін де мұндай жағдай орын алған. Әлеуметтік желілерде ерекше балаларға қатысты "Аутист балаларды өлтіру керек" деп даулы пікір айтқаны үшін Алматыда блогерге қылмыстық іс қозғалды.
Асхат Аймағамбетов өрескел пікір айтқан блогерге қатысты өз ойын білдірді.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әлеуметтік желіде аутист балаларға қатысты өрескел мәлімдеме жасаған блогердің іс-әрекетіне заң аясында баға берілуі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ, блогер Райхан Жұмамұратова неге өрескел пікір жазғанын түсіндірді.