Астанада тұрмыстық жанжал көпшіліктің көзінше болып, видеоға түсіп, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға «Саржайлау» тұрғын үй кешенінің маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, ер адам балалар арбасын итеріп келе жатып, көшедегі адамдардың көзінше жұбайына күш қолданған. Оқиғаға куә болғандар полиция шақырған.
Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – 34 жастағы ер адам – ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген, қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, оған жәбірленушімен байланысқа түсуге шектеу қоятын қорғау нұсқамасы шығарылған.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.