Астанада ер адам анасын өлтіріп, қылмысын жасыру үшін жедел жәрдем шақырған
Астана тұрғыны анасын өлтіргенін жасыру үшін жедел жәрдем шақырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сотта қаралған іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 3 шілдеде Астанада 55 жастағы ер адам өз үйінде анасын тұншықтырып өлтірген.
Белгілі болғандай, қарт әйел ауырып, төсекке таңылғандықтан, оған тұрақты күтім қажет болған.
Төсекке таңылған анасына ұзақ күтім жасау барысында туындаған жеке реніштерге, сонымен қатар оның үнемі сын айтып, жанжалды әрекеттер жасауынан "шаршап", мас күйінде диванда жатқан анасына жақындап, саналы түрде өлтіру мақсатын көздеген. Содан екі қолымен анасының мойнын қысып, буындырған, – делінген сот құжатында.
Сотта ер адам өзінің кінәсін мойындамады. Ол сол күні таңертең анасының қант деңгейін, температурасын өлшегенін, анасының сауығып кетуі үшін дұға жасағанын мәлімдеген.
Ол анасы "өз-өзін ұстай алмағанын", сол кезде оның мойнынан ұстағанын, сол кезде оның шайқалғанын айтқан.
Күдіктінің айтуынша, анасы дем ала алмай қалған. Содан кейін ол жедел жәрдем шақырып, әйелді құтқаруға тырысқан. Жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс берген.
Пульс жоқ екеніне көз жеткізген соң ол дүрбелеңге түскен. Анасына қайта жақындап, алдыңғы әрекеттерін қайталаған. Сол кезде оны оятуға тырысып, екі қолымен бірнеше рет жағынан ұрған. Сосын қайта мойнынан қысып, шайқап, жасанды тынысты жалғастырған, – делінген іс материалдарында.
Шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкерлері анасының қайтыс болғанын хабарлаған. Күдікті жедел жәрдем қызметкерлеріне анасын "арқаннан құтқармақшы" болғанын айтқан.
Фельдшердің айтуынша, шақыртуға барған кезде ол шамамен 70–75 жастағы әйелдің жаялықта жатқанын көрген. Пульсын тексергенде әйелдің қайтыс болғаны анықталған.
Жедел жәрдем барғанда әйелдің бетінде 5–6 көгерген дақ көрініп, мойнында жасыл орамал байлаулы болған. Орамалдың астынан мойынның екі жағынан да көгерген дақтар бар екені көрінген.
Орамалдың қайдан шыққаны туралы сұраққа, ұлы бөлмеге кіргенде анасы «орамалға асулы тұрғанын» көргенін және оны түсіргенін айтқан, – деді фельдшер.
Алайда куәгер болған көршілердің бірі сотта әйелдің 8 жыл бұрын жамбас сүйегін сындырып, төсекке таңылғанын хабарлаған.
Ер адам жасынан араққа салынған, 1990-жылдары есірткі қолданған және есірткі таратқаны үшін тергеуде болған. Көршілер бірнеше рет оның анасын ұрғанын, агрессивті мінез көрсеткенін және жиі мас күйде болғанын хабарлаған. Кейде оны 10–20 күнге қамаған, – деп сипаттаған күдіктіні куәгерлер сотта.
Экспертиза да әйелдің денесінде көптеген жарақат болғанын анықтаған. Өлімнің негізгі себебі – тұншықтыру екені де дәлелденген.
Мамандар бас-ми жарақаты, қабырға сынуы, ерін мен тілдегі кішігірім жаралар, сондай-ақ бет, мойын, төс және қолдағы сызаттар мен көгерген дақтарды тіркеген. Көптеген жарақат трагедияға бірнеше сағат қалғанда пайда болған.
Аталған дене жарақаттары қатты заттардың әсерінен туындауы мүмкін. Зақымдардың сипаты олардың кездейсоқ емес екенін және зардап шегушінің мойынына күш қолданылғанын көрсетеді, – делінген құжатта.
Сот ер адамның кінәсі толық дәлелденгенін айтып, шешім шығарды.
Ер адамға ҚР ҚК 99-бап 1-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша айып тағылып, ол 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.