27 Тамыз 2026, 23:55 Фото: depositphotos.com

Астанада еңбек заңнамасын бұзғандарға 22,2 млн теңге айыппұл салынды

Жыл басынан бері 2 870-тен астам жұмыскерді қамтыған 30 көшпелі іс-шара ұйымдастырылған.

Астанада жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуына бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 10 202 өтінішті қарап, 271 жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Ерлан Исмағұловтың айтуынша, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 125 нұсқама берілді. 114 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 22,2 млн теңге айыппұл салынды.

Еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында прокуратурамен бірлесіп, тәуекел деңгейі жоғары жұмыс берушілермен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 2 870-тен астам жұмыскерді қамтыған 30 көшпелі іс-шара ұйымдастырылған.

Сонымен қатар құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау үшін дрондар қолданыла бастады.

«Әуеден мониторинг жүргізу қарапайым тексеру барысында анықтау қиын болатын бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді», – деді Ерлан Исмағұлов.

Дрондар арқылы жүргізілген бақылау нәтижесінде жыл басынан бері 13 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 1,1 млн теңге айыппұл салынған.