Кеше 2026, 23:27 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Астанада электросамокат жүргізушілеріне бақылау күшейтілді

Құқық қорғау органдары қала тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.

Астана қаласында электросамокаттарды пайдалану қағидаларын сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Бұл шаралар ауа райының жылынуына және самокат пайдаланушылар санының артуына байланысты қолға алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Елорда полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шараларды күшейтті. Түсіндіру жұмыстары барысында азаматтарға самокаттарды қауіпсіз пайдалану, қорғаныс құралдарын қолдану және жол ережелерін сақтау қажеттілігі ескертілуде.

Рейдтер нәтижесінде 200-ге жуық самокат пайдаланушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ережеге сай орналастырылмаған 170-тен астам электросамокат коммуналдық тұрақтарға эвакуацияланды.

Полиция мәліметінше, самокаттарды ретсіз қою жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп, көлік қозғалысын қиындатады. Әсіресе, бұл мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар арбасымен жүрген ата-аналарға кедергі келтіреді.

Алдағы уақытта шерингтік компанияларға да талап күшейтіліп, жеке мобильділік құралдарын дұрыс ұйымдастырмағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылмақ.

Құқық қорғау органдары қала тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.