23 Қыркүйек 2026, 18:33 Фото: gov.kz

Астанада экосаябақ ашылды

Инвестициялық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылды.

Экосаябақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі қалалар мен облыс орталықтарының қала маңындағы аймақтарында экологиялық парктер құру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында құрылды.

Экосаябақтың ашылуына Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы қатысты.

Құны 4 млрд теңгеге жуық жеке инвестициялық жоба 10 гектар аумақта жүзеге асырылды.

Жобаны іске асыру прокуратура органдарының сүйемелдеуінде болып, туындаған мәселелерді жедел шешуге және жобаның белгіленген мерзімде іске асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Осыдан бірнеше ай бұрын бұл жерде игерілмеген батпақты жер болған. Бүгінде мұнда демалыс пен туризмге арналған заманауи кеңістік құрылды. Инвестордың өз қаражаты есебінен аумақтың топырағы дайындалып, кірме жол салынды, сондай-ақ ұзындығы 3 шақырым болатын инженерлік желілер тартылды.

2 мыңнан астам қарағай, бұта мен гүл отырғызылып, серуендеу аймағы бар тоған жасалды. Мұнда қонақүй кешені, мейрамхана, шолу алаңы, спорт және балалар алаңдары, сақ моншалары мен екі этноауыл орналасқан. Жоба 120 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы «Лес» экосаябақты инвестициялық бастаманың қала үшін нақты нәтижеге қалай айналатынын көрсететін мысал ретінде атап өтті.

«Экосаябақ – жеке инвестицияның қалалық инфрақұрылым мен туризмді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елорданың экологиялық кеңістігін қалыптастыруға бір уақытта ықпал ете алатынын көрсететін жақсы мысал. Біз үшін инвестордың осындай идеяны алғашқы шешім мен қаржы салудан бастап дайын нысанды ашуға дейін соңына дейін жеткізуіне мүмкіндік болуы маңызды. Нәтижесінде инвестициялық жоба Астана үшін аса маңызды экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тиімділіктер беруі керек», – деді Бауыржан Ералы.

Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша прокуратура органдары 3,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр. Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде инвесторлар жер учаскелерін алу, инфрақұрылымға қосылу, рұқсат беру рәсімдерінен өту, мемлекеттік органдардың міндеттемелерін орындауы және жобаларды іске асырудың басқа да кезеңдерінде тап болған 600-ден астам мәселені шешіп, инвесторлардың құқығын қорғады.

Сондай-ақ, жоба жетекшісі Мақсат Әлімбет экосаябақты құру кезінде табиғатты, демалысты және заманауи инфрақұрылымды бір кеңістікте үйлестіруге ұмтылғандарын атап өтті.

«Біз Астанада табиғат, демалыс және заманауи инфрақұрылым бірін-бірі толықтыратын кеңістік құруды қаладық. Біз үшін аумақтың табиғи келбетін сақтап, экопаркті елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі қолжетімді ету маңызды», – деді жоба жетекшісі.