Астанада экономистер клубы құрылды

Бүгін Астанада NAC Analytica экономистер клубының бірінші отырысы өтті. Клубтың басты мақсаты - сарапшылардың басын қосып, елдегі экономикалық мәселелерді сарапқа салу, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономистер клубының қатысушылары Қазақстан экономикасының одан әрі дамуы жайлы жан-жақты пікірлерін айтты. Бұл ұсыныстар идеялардың елге практикалық пайда әкелуін қамтамасыз ету үшін егжей-тегжейлі қарастырылмақ.

Экономиканы әртараптандыруға көңіл бөлуге тиіспіз. Біз бұл жайлы 10 жыл бойы айтып келеміз, бірақ әлі ештеңе жасаған жоқпыз. Осы уақытқа дейін қандай қателіктер жібердік, соған ашық қарайық! Мұндай клубтардың құндылығы - өткен қателікті анықтап, ескеру. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар болды. Жылда басталады, бәрінің атауы әдемі-ақ, алайда көбі аяқсыз қалады. Осы уақытқа дейін олардың ешқайсысы 100 пайызға орындалған жоқ. Елімізді жаңа деңгейге көтеру үшін басқаша әрекет етуіміз қажет. Қазіргі таңда жоспар жақсы болғанымен, орындалуы нашар болып тұр, - деді экономист Расул Рысмамбетов.

"Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев мемлекеттік қаржымыздың жағдайы нашар деңгейде екенін айтады.

Үкіметтің бұрынғы экономикалық блогы өте күрделі мәселелерді тастап кетті. Біздің мемлекеттік шығыстарымыз 60 пайызға, яғни 10 триллион теңгеге өсті. Бюджеттің шикізаттық емес тапшылығы 8 триллион теңгеден асып отыр. Өткен жылы бюджетті қысқартып, шенеуніктердің, мемлекеттік арналардың жалақысын төлеу үшін ірі салық төлеушілерден алдын ала шамамен 3,5 миллион теңге салық алуға тура келді. Бюджет шығыстарын қысқарту керек және мемлекет қаржысына қатысты арнайы шаралар жүзеге асуға тиіс. Бірнеше жыл шыдайтын шығармыз, бірақ кейін дефолт болады, - деді Рахым Ошақбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: NAC Analytica экономистер клубы
Өзгелердің жаңалығы