Астанада экологиялық науқандар өтеді
Астана, BAQ.KZ. «Астана – таза және қауіпсіз қала» акциясының аясында қаланы санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру шаралары өткізілетін болады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің сайты хабарлады.
Қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбектің айтуынша, қазіргі таңда елордадағы тіршілікті қамтамасыз етуші нысандардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеуде. Астана әкімінің орынбасары алдағы екі айда экологиялық науқандарды өткізуді ұсынды.
«26 наурыз бен 26 мамыр аралығында қаланы санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша «Астана – таза және қауіпсіз қала» жалпы қалалық акциясын жариялауды, экологиялық шара аясында 20 сәуір мен 11 мамыр аралығында жалпы қалалық сенбіліктерді өткізуді ұсынамын», – деді ол.
Арман Тұрлыбек атап өткендей, акция аясында аудан әкімдері қоқысты тазалау, гүлзарлар мен көгалдарды ретке келтіру, шағын сәулет формалары мен қоршауларды жөндеу және сырлау, аудандар аумақтарын көгалдандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сондай-ақ, ол қала тұрғындарының барлық аула мен алаңдарды тазарту жұмыстарына тарту қажеттігін алға тартты. Экологиялық науқан аясында жолдарды жөндеу, жол белгілерін жаңарту, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен жер асты өткелдерін жуу шаралары жүргізіледі деп жоспарлануда. Шағын және орта бизнес нысандары да абаттандыру шараларына атсалыспақ.