Астанада екі автобус соқтығысып қалды
Ведомство екі бағыттық автобустың соқтығысқанын растады. Полиция мәліметінше, жол апаты салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Астанада екі қоғамдық көлік жол апатына ұшырады. Соқтығыс салдарынан автобустардың бірінің әйнегі сынып, сынықтары салон ішіне шашылған.
Жол-көлік оқиғасы 12 қараша күні елорданың Абылай хан көшесінде болған. Апат орнынан түсірілген фотосуреттер Telegram желісіндегі Qumash арнасында жарияланды. Кадрлардан автобус салонының ішіне шашылған әйнек сынықтарын көруге болады.
Оқиғаға қатысты Астана қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство екі бағыттық автобустың соқтығысқанын растады. Полиция мәліметінше, жол апаты салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Соқтығысу салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жүргізушілер жол-көлік оқиғасы материалдарын полиция қызметкерлерінсіз, оңайлатылған тәртіппен (еурохаттама) өз бетінше рәсімдеді, – деп мәлімдеді ведомство.