Астанада дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды
Елордада дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан биылғы ел біріншілігіне еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан барлығы 500-ге жуық (ерлер 320, әйелдер 144) дзюдошы қатысып жатыр.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Астана татамиінде белдесіп жатқан балуандар қатарында бүгінде ұлттық құрама сапында әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген танымал спортшылар да бар. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионы Нұрқанат Серікбаев, Азия чемпионы Данияр Шамшаев, Гранд слэм және Гран-при жарыстарының жеңімпазы Ислам Бозбаев, жазғы Универсиаданың алтын медаль иегері Ғалымжан Қырықбай, әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің жүлдегері Бауыржан Нарбаев, сондай-ақ қыздар арасында Ғалия Тынбаева, Камила Берліқаш сияқты халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегерлері Қазақстан чемпионы атағы үшін белдесіп жатыр.
Бүгінде дзюдо спорты елімізде кең тараған, жанкүйерлері көп спорт түрлерінің бірі. Жерлестеріміз халықаралық жарыстарда, әлем және Азия чемпионаттарында, төрт жылдықтың басты жарысы – Олимпиадада ел қоржынына үнемі жүлде салып жүр. Нәтижесінде әлем дзюдошылары біздің балуандармен санасатындай жағдайға жетті. Бүгін елордада алауы жағылған ішкі чемпионатта шын мықты спортшы жеңіске жетіп, алдағы уақытта ел намысын абыроймен қорғауға тиіс. Қазақстан біріншілігіне қатысып жатқан барлық дзюдошыға сәттілік тілеймін, - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Төрт күнге жоспарланған жарыста ерлер мен әйелдер 7 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды. Cондай-ақ аралас командалық жарыстың жеңімпазына Қазақстан кубогі табысталады. Ел чемпионатының қорытындысы бойынша 2024-2025 жылғы жаңа маусымға ұлттық құрама жасақталады.