Астанада джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтіп жатыр

Астана қаласында алғаш рет джиу-джитсудан жасөспірімдер мен кадеттер арасында әлем біріншілігі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Дүбірлі додаға әлемнің 42 елінен 1000-нан астам ең мықты деген боз кілем шеберлері жиналды. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрама командасынан 194 үздік спортшы ел намысын қорғайды.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Халықаралық Джиу-джитсу федерациясының президенті Теодоропулос Панайотис, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР джиу-джитсу қауымдастығының президенті Қуат Сағиев қатысты.

Әлем чемпионатын елордамыз Астана қаласында өткізу джиу-джитсу спортын республикамызда және халықаралық аренада дамытуға және кеңінен таратуға, спортшылардың кәсіби шеберлігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыруға, халықты жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді, - деді Ербол Мырзабосынов.

Бес күн қатарынан өтетін дүбірлі додада 14-21 жас санаттары бойынша қатысушылар бақ сынайды.

25 тамызға дейін Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жалғасады. Сондай-ақ чемпионаттың ақтық белдесулері «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты
Өзгелердің жаңалығы