Астанада дүкеннен шоколад ұрлаған әйел ұсталды
Полицияға ЖШС-нің өкілі хабарласып, белгісіз адам супермаркеттен 18 дана «Мерси» шоколадын ұрлап кеткенін айтып арызданған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Сарыарқа» ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлық жасады деген күдікпен 32 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің Біржан сал көшесінің бойындағы супермаркеттердің біріне келгені анықталды. Содан ол сөреден 18 дана «Мерси» шоколадын сөмкесіне салып алып, супермаркеттен шығып кеткен. Ұрлық орын алған сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жалпы келтірілген шығын көлемі 33 мың теңгені құрады.
Аталған фактіге қатысты «ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматша кінәсін мойындады, оның елорда аумағында осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, жұмыс орнын қараусыз қалдырмауды, шағын және орта бизнес нысандарын бейнебақылау камераларымен жабдықтауды ескертеді.