Бүгiн 2026, 06:35 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада дипломатиялық корпусқа арналған "Наурыз балы" өтті

Балдың мақсаты – мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрін таныстыру.

Астанада Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық ұйымдар мен шетелдік серіктестер қатысқан «Наурыз балы» ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мерекелік шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі түрде өткізеді. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген «Наурызнама» онкүндігі аясында, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай өтті.

Балдың мақсаты – мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрін таныстыру. Қонақтар ұлттық ойындар – арқан тартыс, асық ату және басқа дәстүрлі ойындарға қатысты, қазақ мәдениетімен жақынырақ танысты.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биылғы Наурыз мерекесі ел үшін маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

«Биылғы Наурыз еліміз үшін маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Күні кеше өткен республикалық референдумда халқымыз жаңа Ата заң үшін таңдау жасап, ел дамуының жаңа бағытын айқындады. Халқымыз әділетті, прогрессивті, білім мен ғылымға, инновацияға негізделген болашақ үшін дауыс берді. Заң мен тәртіп сақталатын, баршаға тең мүмкіндік беретін әділетті қоғам қалыптастыру жолында тарихи шешім қабылдадық. Референдумға белсенді қатысқан халық ел тағдырына бейжай қарамайтынын, ертеңге деген жауапкершілікті терең сезінетінін көрсетті. Бұл – бірлігі бекем, болашағына сенімді қоғамының айқын көрінісі. Еліміз үшін уақыт талабына сай жасалған бұл тарихи қадам мемлекеттік жүйені институционалдық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашады. Бұл – Қазақстанның демократиялық даму жолындағы тағы бір маңызды белесі. Осылайша, Қазақстан жаңа дәуірге, жаңа кезеңге нық қадам басты. Бұл Наурыз мейрамының жаңару мен жаңғыруды білдіретін терең символдық мәнімен үндесіп жатыр», – деді Аида Балаева.

Министр сондай-ақ жаңа Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті ұлықтау мемлекет дамуының негізгі қағидаты ретінде бекітілгенін атап өтті. Ол мәдени мұра – өткеннің естелігі ғана емес, қоғамды біріктіретін құндылықтар деп түсіндірді.

Іс-шарада Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Наурыз мерекесінің мәдени дипломатиядағы рөлін, халықтар арасындағы татулық пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы мәнін айтты.

Шараға қатысқан шетелдік елшілер қазақ мәдениетіне қызығушылық танытып қана қоймай, оны халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосып отыр.